«Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басшылығы Қазақстанда апаттық тәуекелдерді сақтандыру тетіктерін дамыту мәселелері бойынша Азия даму банкінің өкілдерімен 24 қыркүйекте жұмыс кездесуін өткізді.
Талқылаудың негізгі тақырыбы жер сілкінісінен, су тасқынынан (су басудан) және табиғи сипаттағы орман өрттерінен тұрғын үйді міндетті сақтандырудың қарастырылып отырған моделі болды.
Аталған модель шеңберінде «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ базасында еншілес ұйым ретінде коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанында Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қорын құру көзделеді.
Тараптар халықты сақтандыру арқылы қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыру, апатты тәуекелдерді басқару және қайта сақтандыру, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ықтимал қолдану мәселелерін қарастырды.
Модельді қалыптастыру жұмыстары Қазақстандағы табиғи апаттар тәуекелдерін басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру аясында жалғасуда. Атап айтқанда, АДБ апаттар тәуекелдерін қаржыландыру тетіктерін және апатты тәуекелдерді сақтандыру нарығын дамытуды көздейтін бағдарламаны әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.