Құрметті клиенттер!
Қазақстанда бір өмірді сақтандыру компаниясынан екіншісіне ауысқан кезде зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша өтемақы сомасын есептеу ережелері өзгерді. Жаңалық неде және бұл сіздің мүдделеріңізді қалай қорғайтынын түсіндіреміз.
Өзгерістің мәні неде?
Бұрын өтемақы сомасын есептеу кезінде сақтандыру компаниялары клиенттің ақшасын инвестициялаудан түскен табысты есепке алмайтын. Олар тек төлемдерді индексациялау міндеттемелерімен, барлық төлемдер мен клиенттің ісін жүргізу шығыстары бойынша заңнамада белгіленген пайыздарды шегеріп тастағаннан кейінгі сақтандыру сыйлықақысының қалдығын есептеумен ғана шектелетін. Бұл ретте сақтандырушылар клиентті басқа сақтандыру компаниясынан өздеріне тартып алу үшін болашақ инвестициялық табыс есебінен клиенттерге біржолғы дивидендтер төлей алатын.
Енді қалай болмақ?
Жаңа тәртіп өтемақы сомасын есептеуге инвестициялық табысты міндетті түрде қосуды көздейді. Енді сақтандыру компаниясын ауыстырған кезде зейнетақы аннуитеті есебінен бұрынғыға қарағанда көбірек қаражат аударылатын болады.
Әңгіме ақшаны «қолға беру» туралы емес, сіздің зейнетақы аннуитетіңізді қамтамасыз ететін капитал құрамында оларды сақтап қалу туралы болып отыр. Бұл шарттың құнын толық ескеруге және болашақ өмір бойы берілетін төлемдердің тұрақты, кемімейтін мөлшерін кепілдендіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының тиісті қаулысы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
«Мемлекеттік аннуитетная компания» АҚ клиенттерге әр кезеңде айқындылық пен зейнетақы жинақтарының сенімді қорғалуын кепілдендіреді.