← Жаңалықтар тізіміне оралу

Еңбек министрлігі: қазақстандықтарға жұмысқа орналасу үшін қандай мүмкіндіктер қолжетімді?

Жарияланған күні: 2026-11-13

Женщина работает за ноутбуком, вокруг неё парят иконки образования, карьеры, сертификации, благотворительности и бизнеса.

Жұмысынан айырылған немесе жаңа жұмыс іздеп жүрген азаматтар бос жұмыс орындарын іздеу, кәсіптік білім алу, біліктілігін растау, мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану және өз ісін ашу үшін бірқатар цифрлық сервистерге жүгіне алады.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс іздеу, кәсіби даму, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да тетіктерін біріктіретін Enbek цифрлық экожүйесін дамытуда. Қажетті қызметтерді онлайн алуға немесе мансап орталығына жүгінуге болады.

Жұмыс іздеуді неден бастаған жөн?

Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында және Enbek мобильді қосымшасында азаматтар жеке кабинетін ашып, түйіндемесін орналастыра алады, өзіне қолайлы бос жұмыс орындарын таңдап, жұмыс берушілерге өтінім жібереді.

Сондай-ақ бұл платформалар арқылы жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, кейіннен жұмыссыз мәртебесін проактивті түрде алуға болады. Заңнамада көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға өтінім бере алады.

Жасанды интеллект қандай көмек көрсетеді?

Қосымша мүмкіндіктерді Enbek.kz платформасы негізінде Еңбек министрлігі енгізіп жатқан Цифрлық жұмыспен қамту қызметі ұсынады.

Азаматтың келісімімен мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде оның білімі, еңбек өтілі мен кәсіби дағдылары қамтылған цифрлық түйіндемесі автоматты түрде қалыптастырылады. Жасанды интеллект жұмыс іздеушінің біліктілігі мен қалауын ескере отырып, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеуге көмектеседі.

Жасанды интеллект көмекшісі диалог форматында жұмыс істейді және азаматқа өзіне қолайлы жұмыс нұсқаларын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Мысалы, үйіне жақын жердегі жұмысты іздеуге, басқа өңірлердегі ұсыныстарды қарауға, қалаған жалақы мөлшерін көрсетуге немесе оқу мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ұсыныстар алуға болады.

Қосымша білім алу қажет болса, қандай мүмкіндіктер бар?

Біліктілігін арттырғысы немесе жаңа дағдыларды меңгергісі келетін азаматтар Skills Enbek платформасында тегін онлайн курстардан өте алады.

Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға білім беру ұйымдарында немесе тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту мүмкіндігі де қарастырылған.

Ал өзінде бар кәсіби дағдыларды ресми түрде растағысы келетін азаматтар белгіленген талаптарға сәйкес Career Enbek платформасы арқылы кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен тегін өтуге арналған ваучер алуға өтінім бере алады.

Өз кәсібіңізді ашқыңыз келсе, не істеу керек?

Кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлаған азаматтарға Business Enbek платформасы қолжетімді.

Бұл платформа арқылы азаматтар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға қойылатын талаптарға сәйкестігін тексере алады. Сонымен қатар белгіленген талаптарға сай келген жағдайда және өтінім қабылдау кезеңінде өз бизнес-жобасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алуға өтінім бере алады.

Бұдан бөлек, платформа арқылы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде микрокредит алу және лизинг рәсімдеуге өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл өтінім беру сервисі Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылуда.

Өз өңіріңізде лайықты жұмыс табылмаса ше?

Азаматтар еліміздің басқа өңірлеріндегі бос жұмыс орындарын да қарастыра алады. Оның ішінде еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аударып, мемлекет тарапынан көзделген қолдау шараларын пайдалану мүмкіндігі бар.

Migration Enbek платформасы арқылы қоныс аудару мәселелері бойынша кеңес алу үшін мансап орталығына өтінім жолдауға болады.

Жеке көмек алу үшін қайда жүгінуге болады?

Егер азамат өз бетінше жұмыс таба алмаса, тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгіне алады.

Мамандар жұмыс іздеуші ретінде тіркелуге көмектесіп, жұмыссыз мәртебесін алу тәртібін түсіндіреді, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қолжетімді шаралары туралы ақпарат беріп, жұмыс берушімен сұхбаттасуға дайындалуға көмектеседі.

Цифрлық жұмыспен қамту қызметі аясында енгізілген жаңа тәсіл бойынша азаматтарға көрсетілетін көмек бір реттік консультациямен шектелмейді. Әрбір жұмыс іздеушіге жеке маман бекітіліп, ол жұмыс іздеудің әр кезеңінде азаматты сүйемелдейді, жұмыс берушілермен байланыс орнатады және алдағы іс-қимылдарды айқындауға көмектеседі.

Жұмысқа орналасуға жәрдем алудың алғашқы қадамы – Enbek.kz платформасында тіркелу немесе мансап орталығына бару. Әр азамат өзінің қажеттілігіне қарай жұмыс іздеу, жаңа мамандық меңгеру, кәсіби біліктілігін растау, басқа өңірге қоныс аудару немесе жеке кәсібін бастау мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қосымшаны жүктеп алу

QR-кодты сканерлеңіз

QR Code