
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға цифрлық жүйелердің жұмыс істеу тәртібін түсіндіруді жалғастыруда. Бүгін Отбасының цифрлық картасының (ОЦК) жұмыс істеу қағидаттарына тоқталамыз.
Отбасының цифрлық картасы цифрлық көпір іспетті жұмыс істеп, 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден қажетті мәліметтерді автоматты түрде алады.
Деректер алмасу «электрондық үкімет» шлюзі арқылы жүзеге асырылады.
Жалпы мәліметтердің үштен біріне жуығы, яғни 10 ақпараттық жүйедегі деректер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өз базаларынан алынады.
Олардың қатарында зейнетақылар, жәрдемақылар мен өзге де төлемдер, мүгедектік, еңбек шарттары және соңғы үш айдағы ресми табыстар туралы мәліметтер бар.

Мәліметтердің едәуір бөлігі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне (5 жүйе) және Ішкі істер министрлігіне (4 жүйе) қарасты ақпараттық жүйелерден түседі.
Осы ведомстволардың дерекқорлары арқылы Отбасының цифрлық картасы отбасының құрамы, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, тұрғын үй, жер учаскелері, кәсіпкерлік қызметі мен автокөліктері туралы мәліметтерді алады.
Қалған ақпарат Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің ақпараттық жүйелерінен алынады.
Бұл ретте жүйе әртүрлі деректерді жинағанымен, олардың барлығы бірдей отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде қолданыла бермейтінін түсіну маңызды.
Әртүрлі мемлекеттік органдардың ондаған ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтер әр отбасының бірыңғай цифрлық бейнесін қалыптастыру үшін біріктіріледі.
Алайда отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау кезінде тек ресми әдістемеде белгіленген өлшемшарттарды қолдануға қажетті мемлекеттік органдардың деректері ғана пайдаланылады.

Ведомстволар арасында деректер алмасу үдерісін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең – отбасы құрамын қалыптастыру
Бұл кезеңде жүйе жеке тұлғалар базасы мен Азаматтық хал актілері тіркеліміндегі мәліметтерді біріктіреді.
Туу, некеге тұру, некені бұзу немесе тегін өзгерту туралы жазбалар негізінде Отбасының цифрлық картасы адамның қатысуынсыз әр отбасының өзекті құрамын автоматты түрде анықтайды.
Екінші кезең – бейінді мемлекеттік органдардан мәлімет жинау
Отбасының әрбір мүшесі бойынша жалақы, мүлік, кредиттік міндеттемелер және өмірлік жағдайларға қатысты деректер жинақталады.
Жүйе азаматтың емханаға тіркелгенін, медициналық сақтандыруының бар-жоғын, мектепте немесе жоғары оқу орнында білім алып жатқанын, сондай-ақ шетелде 180 күннен астам уақыт болуы туралы да мәліметтерді көре алады.
Үшінші кезең – деректерді жаңарту және қайта есептеу
Мәліметтер екі түрлі тәртіппен жаңартылады.
Бірқатар ақпараттық жүйелер деректерді нақты уақыт режимінде (онлайн) берсе, енді бір бөлігі ақпаратты белгіленген кестеге сәйкес белгілі бір уақыт аралығында топтап жібереді.
Жаңартылған мәліметтер негізінде Отбасының цифрлық картасы әр ай сайын отбасының әл-ауқат деңгейін қайта бағалайды.

Маңызды! Отбасының цифрлық картасы басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді ғана көрсетеді.
Егер жұмыс беруші еңбек шартын дерекқорға кеш енгізсе, білім беру ұйымы білім алушылар тізімін уақытылы жаңартпаса немесе АХАТ-тың ескі архивтерінде кейбір жазбалар болмаса, Отбасының цифрлық картасында қате мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

Егер өз деректеріңізден қате байқасаңыз, мысалы, сатылған автокөлік немесе пәтер әлі де сіздің атыңызда тіркеліп тұрса, оны түзетуге болады.
Ол үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгініп, кеңес алуыңыз қажет.
Мәліметтің бастапқы дереккөзі жаңартылғаннан кейін, Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік әл-ауқат деңгейін кезекті ай сайынғы бағалау барысында дұрыс ақпаратты автоматты түрде алады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасының жұмыс ерекшеліктері туралы азаматтарды жан-жақты ақпараттандыруды жалғастырады.
Министрліктің ресми хабарламаларын қадағалап отырыңыздар!
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі