← Жаңалықтар тізіміне оралу

Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту тетігін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда: 831 адам сервиске жүгінді

Жарияланған күні: 2026-11-19

Смартфон экранындағы өтініштің сәтті жіберілгені туралы хабарламаны қарап тұрған ер адам.

2026 жылғы қазан айында іске қосылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» цифрлық сервисін 831 қазақстандық пайдаланған.

Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – азаматтың өз еркімен қабылдайтын шешімі. Бұл тетік мемлекеттік қолдауды оған шын мұқтаж азаматтарға басымдықпен бағыттауға мүмкіндік береді.

Сервис eGov Mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында қолжетімді.

Ол әл-ауқат деңгейі жоғары және ауқатты отбасылар санатына жататын әлеуметтік төлем алушыларға арналған.

Өтінішті мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде үш қадаммен беруге болады:

-  eGov Mobile мобильді қосымшасына немесе eGov.kz порталына авторизациядан өту;

-  алынатын жәрдемақылар тізімінен әлеуметтік төлем түрін таңдап, «Қол қою және жіберу» батырмасын басу;

-  қабылданған шешімді қайта растау. Бұл ретте растағанға дейін өтінішті кері қайтарып алуға болады.

Азамат кейіннен әлеуметтік төлем алуға қайта өтініш беруге құқылы. Жолданған өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.

Еске салайық, 2027 жылғы 11 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 12-сін тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі пилоттық режимде ескерілмек.

Отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік көмек алушыны анықтау калькуляторы» арқылы білуге болады.

Есептеу нәтижесі анықтамалық сипатқа ие.

Еңбек министрлігі азаматтарды сервисті тек eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталы арқылы пайдалануға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қосымшаны жүктеп алу

QR-кодты сканерлеңіз

QR Code