← Жаңалықтар тізіміне оралу

Еңбек министрлігі цифрлық сервистерге қатысты түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда

Жарияланған күні: 2026-11-23

Счастливая семья на диване в гостиной, окруженная светящимся цифровым куполом в форме дома с иконками защиты и замками.

Отбасының цифрлық картасы: жүйе қазақстандықтардың табысы, банк деректері мен күнделікті шығындары туралы қандай мәліметтерді ескереді?Келесі жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек көрсетудің жаңартылған тәсілі енгізіледі. Ол атаулылық пен мұқтаждық қағидаттарына негізделген.

Бұл тәсілдің басты мақсаты – мемлекеттік қолдауды барынша әділ етіп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға нақты көмек көрсету.

Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әл-ауқатын объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

1.  Отбасының цифрлық картасы барлық ақша аударымдарын, сатып алулар мен жеке жинақтарды бақылайды деген рас па?

Жоқ, бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат.

Отбасының цифрлық картасы азаматтардың күнделікті шығындарын, супермаркеттердегі сатып алуларын, чектерін немесе туыстары мен достары арасындағы тұрмыстық ақша аударымдарын қадағаламайды.

Жүйе азаматтардың жеке банк шоттары бойынша үзінді көшірмелеріне қол жеткізе алмайды.

Бағалау кезінде банктер қалыптастыратын, дербес деректер көрсетілмейтін жиынтық әрі шифрланған көрсеткіштер ғана пайдаланылады.

Жүйеге нақты сомалар мен жекелеген операциялар емес, сандық мәндердің белгілі бір аралықтары беріледі. Мысалы, шоттар мен депозиттердегі орташа күндік қалдықтар, сондай-ақ шығындардың жекелеген санаттары бойынша мәліметтер ескеріледі.

Бұл ретте бағалау әр адам бойынша жеке жүргізілмейді, отбасының барлық мүшесіне қатысты мәліметтер негізінде жалпы отбасы деңгейінде жүзеге асырылады.

Есептеу кезінде тиісті аралықтың төменгі шегі алынады.

Күнделікті қажеттіліктерге жұмсалатын шағын сомалар, ағымдағы шоттар мен банк карталарындағы қаражат, тұрмыстық сатып алулар, ақша аударымдары және «Отбасы банкінде» тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жиналған қаражат әл-ауқатты бағалау кезінде есепке алынбайды. Жүйе оларды нөлге теңестіреді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Отбасының цифрлық картасы 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынатын ресми мәліметтерді пайдаланады.

2.  Жалғыз баспанасы мен автокөлігінің болуы мемлекеттік қолдау алу құқығына әсер ете ме?

Азаматтың негізгі баспанасының немесе күнделікті қажеттілігіне пайдаланатын автокөлігінің болуы әлеуметтік көмек көрсетуді тоқтатуға негіз болмайды.

Жүйе мүліктің бар-жоғын ғана емес, оның көлемі мен өзге де факторлардың жиынтығын бағалайды.

Мысалы, 20 жылдық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасы есептеу кезінде нөлге теңестіріліп, отбасының әл-ауқатын бағалауға әсер етпейді. Тозығы жеткен тұрғын үйге де осындай тәсіл қолданылады.

Пайдалануға берілгеніне 15 жылдан асқан тұрғын үйге (қабырғасының материалына қарай), сондай-ақ банкте кепілде тұрған жалғыз баспанаға қатысты төмендету коэффициенттері қолданылады.

Есепке табыс әкелетін немесе отбасының жоғары материалдық әл-ауқатын көрсететін ірі активтер ғана алынады. Олардың қатарында бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны, қымбат автокөлік, коммерциялық мақсаттағы ғимараттар, жұмыс істеп тұрған бизнес немесе көлемі 5 гектардан асатын жер учаскелері бар.

Сонымен қатар Отбасының цифрлық картасы отбасының нақты шығындарына әсер ететін міндеттемелер мен әлеуметтік жағдайларды да міндетті түрде ескереді. Атап айтқанда, қолданыстағы ипотекалық несие, кредиттер бойынша көп уақыт мерзімі өткен берешек, балаларды, қарт адамдарды, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы аурулармен ауыратын отбасы мүшелерін асырау шығындары назарға алынады.

Сондықтан мемлекеттік қолдауға шынымен мұқтаж отбасылар әлеуметтік төлемдерді толық көлемде алуды жалғастырады.

3.  2027 жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың қандай түрлері бұрынғы тәртіппен сақталады?

Атаулылық қағидаты мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақыларға әсер етпейді. Бұлар – бюджеттен төленетін базалық жәрдемақылар. Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) тиісті әлеуметтік төлемдер төленеді.

Сондай-ақ азаматтардың материалдық жағдайына қарамастан, жұмыс істейтін азаматтарға жұмысынан айырылуына, жүктілігі мен босануына, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер бұрынғы тәртіппен жалғасады.

Бұған қоса, 2027 жылдан бастап жас аналар өз қалауы бойынша жұмысқа шығып, Қордан төленетін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді толық көлемде алуды жалғастыра алады.

4. Отбасының әл-ауқатын бағалау нәтижесін қолдан өзгерту мүмкін бе? 

Отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде адами фактор толығымен алынып тасталған.

Отбасының санаты бекітілген әдістеме негізінде автоматты түрде қалыптастырылып, ай сайын жаңартылып отырады.

Алгоритм автономды түрде жұмыс істейді. Еңбек министрлігінің немесе жергілікті атқарушы органдардың мамандары жүйедегі деректерді өз бетінше өзгерте алмайды және бағалау нәтижесіне субъективті түрде ықпал ете алмайды.

Цифрлық карта қолда бар мәліметтерді көрсететін құрал ретінде жұмыс істейді. Егер есептеулерде ескірген ақпаратқа байланысты сәйкессіздік анықталса (мысалы, сатылған автокөлік немесе жеке кәсіпкер мәртебесі туралы мәліметтер жаңартылмаса), азамат тұрғылықты жері бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгініп, кеңес ала алады. Одан кейін тиісті мәліметтерді жауапты мемлекеттік органда жаңарту қажет.

Сонымен қатар жәрдемақы алушылардың әрқайсысы eGov Mobile қосымшасындағы «Әл-ауқатты бағалау калькуляторы» арқылы отбасының алдын ала мәртебесін өз бетінше тексере алады.

Әлеуметтік қолдау жүйесін жаңартудың басты мақсаты – республикалық бюджет қаражатын барынша әділ бөлу және мемлекеттік көмектің ең алдымен оған мұқтаж азаматтар мен отбасыларға толық көлемде жетуін қамтамасыз ету.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қосымшаны жүктеп алу

QR-кодты сканерлеңіз

QR Code