Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдепті сақтау мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Жиынды Министрліктің аппарат басшысы Жәнібек Нөпіров жүргізді. Семинарға құрылымдық бөлімшелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты.
Негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің басшысы Нұржан Узбеханов жасады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңа талаптары туралы айтып берді. Олардың басты мәні – тәуекелдерді құқық бұзушылық орын алғанға дейін алдын ала анықтап, жою. Мүдделер қақтығысын реттеу мен жеке мүдделер туралы декларацияға ерекше назар аударылды.
Министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі Өркен Алшынбаева «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігі туралы айтып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін нормаларды еске салды.
«Қызметіміздің басты өлшемі – мансап немесе жеке мүдде емес, халыққа адал қызмет ету болуы керек», – деді Өркен Алшынбаева.
Жиынды қорытындылай келе, Жәнібек Нөпіров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әрбір қызметкердің құқықтық сауаттылығы мен жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.
«Бұл індетке қарсы күрес – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Заңсыз ұсыныстарға жол бермеу және кез келген құқық бұзушылыққа бейжай қарамау – адал қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі», – деді Жәнібек Нөпіров.
Қатысушылар өз сұрақтарына жауап алды. Айтылған ұсыныстар Министрліктің алдағы жұмысында ескеріледі.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі